CaspianLife, 29 мамыр. Каспий теңізінің солтүстігінде жаңа аралдың пайда болғанын ғалымдар растады. Бұл жаңалық Каспий ғылыми-экспедициялық институтының филиалы мен Астрахань қорығының бірлескен зерттеу сапары барысында анықталды. Арал Астрахань облысындағы Кіші Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
Бұл туралы ақпарат П.П. Ширшов атындағы Океанология институтының (Ресей ғылым академиясы) әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды. Онда келтірілген мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қараша айында спутниктік суреттерден Орта Жемчужная атты банкі аумағында құрғау байқалған. Алайда жаңа жер телімінің Каспий теңізі деңгейінің төмендеуінен пайда болғаны тек енді ғана нақты дәлелденді.
«Экспедиция аралға дейін жеткенімен, таяз су мен қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты аралға түсу мүмкін болмады. Дегенмен квадрокоптер арқылы алынған суреттер аралдың нақты пішінін анық көрсетті. Ғалымдар биогидрохимия, гидробиология және теңіздің динамикасын зерттеу мақсатында арал маңындағы тереңдігі шамамен 0,4 метр болатын таяз суда мұхиттанулық станция орнатты. Қазіргі таңда арал су бетінен сәл ғана көтеріліп тұр, алайда теңіз деңгейінің ең төмен кезі – межень кезінде ол әлдеқайда анық көрінеді. Жаңа арал – тегіс, ылғалды жазық, құмды белдеулермен көмкерілген. Бұл — Каспий теңізінің таязданып бара жатқанының тағы бір айғағы», — делінген Океанология институтының хабарламасында.
Сондай-ақ, егер теңіз деңгейі ары қарай да төмендей берсе, бұл арал ұлғайып, сирек кездесетін құстар мен каспийлік итбалықтардың мекендеу орнына айналуы мүмкін екені айтылған. Алдағы уақытта ғалымдар жаңа аралдың алғашқы сипаттамасын жасап, оған географиялық атау беру бойынша ұсыныстар әзірлемек.
Суреттер авторы — Ю. Шульгина, бейнематериал — Океанология институтының бейнестудиясы.