CaspianLife, 29 мамыр. 2025 жылы тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың саны 4 427 адамды құрады. Жалпы, 1991 жылдан бастап республикаға 1 млн 152 мыңнан астам этникалық қазақ қоныс аударды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 40,9%-ы Өзбекстаннан, 5,4%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Моңғолиядан, 2,3%-ы Ресейден және 2,6%-ы басқа елдерден келген.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қандастардың 59,7%-ы еңбекке жарамды жаста, 31,9%-ы – кәмелетке толмағандар, ал 8,4%-ы – зейнет жасындағы адамдар. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың ішінде 17,4%-ының жоғары білімі, 26,8%-ының арнайы орта білімі, 53,6%-ының жалпы орта білімі бар, ал 2,2%-ының білімі жоқ. Этникалық қазақтар елдің әртүрлі өңірлеріне қоныстанды.
«Сонымен қатар, қандастарды орналастыру үшін еңбек ресурстары жетіспейтін өңірлер ретінде келесі облыстар белгіленді: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары», – делінген министрлік хабарламасында.
2025 жылға қандастарды орналастыруға арналған өңірлік квота – 2 309 адам. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 765 қандас аталған өңірлерге қоныстандырылды.
Осы өңірлерге қоныстанған қандастарға келесі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:
— көшуге арналған бір реттік субсидия – отбасының әрбір мүшесіне және отбасы басшысына 70 АЕК мөлшерінде (275,2 мың теңге);
— тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін – бір жыл бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін).
Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 136 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аудару тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге көшірумен айналысатын жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған институционалдық шаралар қабылданды. Экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді. Ол тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық несие бойынша алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Сертификат сомасы тұрғын үй құнының 50%-на дейін немесе бір отбасыға 4,56 млн теңгеге дейін бір реттік, қайтарымсыз және өтеусіз негізде ұсынылады.