CaspianLife, 29 мамыр. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бүгін компания басшылығындағы алдағы өзгерістер туралы ресми түрде хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 10 маусымнан бастап ТШО-ның бас директоры қызметіне Уильям Лакоби тағайындалады. Ол бұл қызметте 2021 жылдан бері бас директор болып келген Кевин Лайонды алмастырады.
Кевин Лайон «Шеврон» компаниясының бас кеңсесіндегі жаңа басшылық лауазымға тағайындалды. Оның басшылығы кезінде ТШО Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) сәтті жүзеге асырып, Қазақстандағы өсіп келе жатқан мұнай-химия өнеркәсібін қолдау және ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету ісінде жетекші рөл атқаруды жалғастырды.
«ТШО-ны қиын сынақтар мен өсім кезеңінде басқару мен үшін үлкен мәртебе болды. Бүгін жаңа кезең басталуда – мен басшылықты Уильям Лакоби мен ТШО ұжымының Қазақстанға пайда әкелуді жалғастыратынына толық сеніммен тапсырамын. Қазақстан үкіметіне, ТШО акционерлеріне, адал қызметкерлерімізге, бизнес серіктестерімізге және Атырау тұрғындарына көпжылдық қолдау мен серіктестік үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді Кевин Лайон.
Уильям Лакоби 31 жылдық еңбек жолында АҚШ, Ангола және Индонезиядағы «Шеврон» компаниясының түрлі инженерлік және басшылық қызметтерін атқарған. 2021 жылдан бастап ол Оңтүстік Африкадағы «Шеврон» стратегиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры болды. Сонымен қатар, ол Ангола мен Конго Республикасындағы активтерге, соның ішінде Анголадағы ірі СПГ жобасына жауапты болды. Осы қызметінде ол жергілікті мазмұнды дамытуға, еңбек ресурстарын күшейтуге және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосқан беделді басшы ретінде танылды.
ТШО-ның жаңа бас директоры қызметіне кірісіп жатқан Уильям Лакоби былай деді:
«ТШО-ның бас директоры болып тағайындалу – компания тарихындағы маңызды кезеңде мен үшін үлкен құрмет. Теңіз кен орны – техникалық жағынан әлемдегі ең күрделі кен орындарының бірі. Біздің компания қауіпсіз әрі сенімді жұмыс пен Қазақстанның экономикалық дамуын қолдауға бағытталған қызметін жалғастыра береді. Қазақстан үкіметімен, акционерлерімізбен және біз тұрып, жұмыс істейтін аймақ халқымен әріптестігімізді нығайта түсуді асыға күтемін».
(Теңізшевройл ЖШС баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)