CaspianLife, 28 мамыр. «Grand Fashion Atyrau» сән апталығының IV маусымы аясында балалар мен ересектерге арналған жаңа киім топтамаларының көрсетілімі өтті. Оған он бір жергілікті дизайнер мен Атырау сервис колледжінің студенттері қатысты.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның айтуынша, дәстүрге айналған бұл шараның ұйымдастырушысы — Атырау облыстық дизайнерлер қауымдастығы. Шара жылына екі рет өткізіліп, жергілікті тігін шеберлерінің таланттарын көрсетуге мүмкіндік береді. Барлық маусымдарда көрсетілімге Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп келеді.
Атырау облысы дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Айсұлу Оразбаеваның айтуынша, көрсетілімге қатысушыларға қойылатын басты талап — ұлттық нақыштың киім үлгілерінде көрініс табуы. Бұл жолғы көрсетілім де дәстүр мен заманауилықтың үндесуі мүмкін екенін тағы бір дәлелдеді. Әрбір дизайнер өз коллекциясында ұлттық реңкті сақтай отырып, өз даралығын көрсете алды.
«Grand Fashion Atyrau» жобасының басты мақсаты — жергілікті дизайнерлердің кәсіби деңгейін арттырып, олардың өнімін халыққа кеңінен таныту. Қуантатыны — жыл сайын шараның деңгейі өсіп келеді. Бұл тек тәжірибелі дизайнерлерге ғана емес, өз жолын енді бастап келе жатқан шеберлерге де үлкен мүмкіндік. Мысалы, биылғы көрсетілімге Атырау сервис колледжінің студенттері де қатысып отыр. Олар өз коллекцияларын ұсынып қана қоймай, әріптестерінің жұмыстарын көріп, тәжірибе алмаса алады. Сонымен қатар, бірнеше айға созылатын сахна артындағы дайындық үдерісіне тікелей куә болып, шығармашылық қана емес, кәсіби тұрғыдан да өсулеріне мүмкіндік алады. Бұл тәжірибе оларға болашақта тек аймақтық деңгейде ғана емес, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысу үшін де пайдалы болады», — деді Айсұлу Оразбаева.
Көрсетілімге алғаш рет қатысып отырғандардың қатарында – «Zhazimenmen.art» брендімен танылған кәсіпкер Гүлжазира Аймұрзаева бар. Ол өз тігін цехын 2021 жылы ашып, бастапқыда арнайы киім, сөмке мен рюкзак тігуге маманданған. Бір жылдан кейін 3,5 млн теңге көлемінде грант жеңіп алып, күнделікті киюге арналған әйелдер киімі желісін іске қосты. Көрсетілімге ол «күнделікті де, мерекелік те» киюге болатын 10 көйлектен тұратын топтамасын ұсынды.
«Мен Атырау облысы дизайнерлер қауымдастығы құрылған күннен бастап мүшесімін. Бұған дейін көрсетілімге қатысуға үнемі шақыру алатынмын, бірақ өзімді дайын емеспін деп есептедім. Бұл жолы өз еркіммен қатысуға тілек білдірдім, себебі шынымен де дайын екенімді түсіндім. Коллекцияны дайындауға екі апта уақытым кетті. Бұл – қазіргі заманғы әйелдерге арналған, үйде де, жұмыста да, мерекеде де әдемі әрі сәнді көрінуге мүмкіндік беретін көйлектер», – дейді Гүлжазира Аймұрзаева.
Аймақтық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада бүгінде Атырау облыстық дизайнерлер қауымдастығы құрамында 30-дан астам ісмер бар екені айтылды. Олар тұрақты түрде кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізіп келеді.