Caspianlife, 27 мамыр. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алты жаңа кәсіби мерекені бекітуді көздейтін ведомство басшысының бұйрығының жобасын әзірледі.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 10 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
«Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасына сәйкес, кәсіби мерекелер тізбесі келесі жаңа күндермен толықтырылады:
– Қазақстан кәсіпкерлері күні – 31 қаңтар;
– Қазақстан қолөнершілері күні – 7 шілде;
– Табиғи монополиялар саласы қызметкерлері күні – 9 шілде;
– Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкері күні – 15 қыркүйек;
– Кадр қызметкерлері күні – 12 қазан;
– Қоғамдық тамақтандыру саласы қызметкері күні – 20 қазан.
Сонымен қатар, Энергетиктер күні бұрынғыдай желтоқсанның үшінші жексенбісінде емес, 22 желтоқсанда атап өтілетін болады.
Жаңа кәсіби мерекелерді енгізу туралы ұсыныстар тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жасалған. Бұйрық жобасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15533121.