Caspianlife, 23 мамыр. «TEXOL» компаниялар тобына кіретін «Атырау вагон құрастыру зауыты» ЖШС өндірістік дамудың маңызды кезеңіне қадам басты – зауыт іске қосылған сәттен бастап 100-ші жүк вагоны конвейерден шықты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Зауыттың толық қуаттылыққа шығуы 2027 жылға жоспарланған. Ол уақытта кәсіпорын жылына 7-8 мың вагон өндіруді және өндірістік аумағын 62 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
— Осы шара тек облыс көлемінде емес, бүкіл республика үшін маңызды. Өйткені бұл зауыт – инвестиция тарту мен өндірістік аймақты дамытуға серпін беретін стратегиялық нысан. Оның іске қосылуы облысымыздың экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. «Атырау вагон құрастыру зауыты» – Орталық Азиядағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі. Алдағы уақытта тағы бірнеше зауыт ашу жоспарда бар. Бұл – тек бастамасы. Келесі 1000-шы вагон шығарылған кезеңде тағы кездесеміз деген сенімдеміз,- деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Қазіргі таңда зауытта шамамен 300 адам жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олардың қатарына түрлі саланың 600-ден астам маманы қосылмақ. Басқарма өкілдерінің сөзінше, 2027 жылға қарай көрсеткіш 2700 адамға жетеді.