CaspianLife, 23 мамыр. Атырауда оқушылар өз білімдері арқылы университеттегі оқу ақысын өтеді.
Мұндай мүмкіндік оларға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен «Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – болашақ әл-ауқаттың маңызды факторы» атты облыстық олимпиада аясында берілді.
Олимпиаданы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұйымдастырды. Сайысқа Атырау қаласы мен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 11-сынып оқушылары қатысты.
Байқау барысында оқушылар қаржылық сауаттылық саласындағы білімдерін көрсетіп, өз жобаларын ұсынды. Олимпиада екі кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде оқушылар тест арқылы теориялық білімдерін көрсетті, екінші кезеңде жобаларын қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен үздік жобалар авторлары дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қаржылық олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлеріне басты жүлде ретінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне білім гранттары табысталды.
Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші орынды №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрай Нәсіпқали иеленді. Ол өз білімі мен жеңісі үшін «Қаржы және аналитика» білім беру бағдарламасы бойынша 100% оқу ақысын қамтитын университет грантымен марапатталды.
Каныш Сатпаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Дамир Закария екінші орынды иеленіп, «Қаржы және аналитика» бағдарламасы бойынша оқу ақысының 50% көлеміндегі грантқа ие болды.
Үшінші орынды №27 И.Тайманов атындағы мектептің оқушысы Шынарай Байымбетова жеңіп алды. Ол «Қаржы және аналитика» бағдарламасы бойынша оқу ақысының 30% көлеміндегі грантпен марапатталды.
Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті белсенді қатысқаны үшін Мадина Темирболатова, Дамира Жанібекқызы, Шынарай Байымбетова, Дамир Закария және Нұрай Нәсіпқали арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады.
(Х.Досмұхамедов атындағы университеттің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша)