CaspianLife, 22 мамыр. Жыл басынан бері ел бойынша түрлі құқық бұзушылықтар үшін 205 мотокөлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайтында хабарланды.
Полиция қызметкерлері квадроциклдерді тек 16 жастан асқан және А1 санатындағы жүргізуші куәлігі бар адамдар ғана басқара алатынын еске салады. Бұл санатқа мотоциклдер, трициклдер, мопедтер мен скутерлер де кіреді. Олар үшін ең жоғары конструкциялық жылдамдық — 50 км/сағ астам, қозғалтқыш көлемі — 125 текше см дейін, қуаты — 11 кВт-тан аспауы тиіс.
Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, жолдың жүру бөлігіне велосипедпен шығуға 14 жастан бастап, ал скутер не мопедпен — 16 жастан бастап рұқсат етіледі. Бұл санаттағы ережебұзушылар басқа көлік құралдарын басқарушылармен бірдей жауапкершілікке тартылады.
«Қозғалыс кезінде жүргізуші де, жолаушы да мотошлем киюге, ал мүмкіндігінше қорғаныш киімін де қолдануға міндетті. Департамент жаз мезгілінде самокат, скутер мен велосипед иелері полицияның ерекше назарында болатынын ескертеді», — делінген хабарламада.