CaspianLife, 21 мамыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Ресейдің «Татнефть» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Наиль Магановпен кездесуі барысында айтылды.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде мұнай-газ-химия саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарлары, соның ішінде Атырау облысында бутадиен мен синтетикалық каучук өндіретін ірі инвестициялық жобаның жүзеге асу барысы талқыланды.
«Татнефть» АҚ бас директоры Наиль Маганов жобаның қазіргі жай-күйі туралы хабардар етті. Бүгінде қытайлық инжинирингтік China Tianchen Engineering Corporation компаниясымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жыл сайын резеңке-техникалық бұйымдар мен шиналар өндірісіне арналған 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучук (ДССК), жол төсемдері мен пластиктерге қажетті 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучук (СБС), және жоғары октанды бензин компоненті ретінде қолданылатын 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін өндіру жоспарланған. Инвестициялық кезеңді іске қосу 1 шілдеге жоспарланған.
Кездесу барысында сондай-ақ «Каратон Подсолевой» учаскесіндегі геологиялық барлау жұмыстары талқыланды. Бұл жұмыстар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүргізілуде. Қазіргі уақытта тереңдігі 5,5 мың метр болатын барлау ұңғымасын бұрғылау жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар терефталь қышқылы (ТФҚ) мен полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіру жобасына да назар аударылды.
Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі бірлескен жоспарларды жүзеге асыру және өзара тиімді ынтымақтастық үшін шешімдер табу мақсатында сындарлы диалогқа ашық екенін атап өтті. Қазақстан тарапы «Татнефть» компаниясының технологиялары мен тәжірибесін отандық өнеркәсіпке енгізуге мүдделі екенін жеткізді.