CaspianLife, 20 мамыр. Атырау облысы бойынша ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «Атырау қаласының жасыл желектерін күтіп-баптау» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша конкурс ұйымдастыру кезінде бәсекелестік қағидаттарының бұзылғанын анықтады.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізілген тергеу нәтижесінде Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы әзірлеген конкурс құжаттамасында әлеуетті жеке әріптестердің қатысуын шектейтін негізсіз талаптар болғаны анықталған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының шешімімен басқарманың әрекеттері бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны деп танылды. Сот департаменттің құқықтық ұстанымын қолдап, оның бұйрығын күшінде қалдырды. Сонымен қатар, сот алқасы басқарма мен «Atyrau Innovations» ЖШС басшылығына болашақта МЖӘ жобалары бойынша конкурс құжаттамасын әзірлеу кезінде осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу шараларын қабылдауды міндеттейтін жеке ұйғарым шығарды.
«Осылайша, «Атырау қаласының жасыл желектерін күтіп-баптау» жобасы бойынша конкурсқа басқа да әлеуетті жеке әріптестердің қатысуына кедергі болған тосқауыл жойылды. Бұл өңірде МЖӘ жобаларын іске асыруда бәсекелестік, ашықтық және тең қолжетімділік қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті монополияға қарсы ведомство.