CaspianLife, 20 мамыр. Атырауда мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиында оқу жылының аяқталуы мен оқушылардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде 11-сыныпты 7 417 түлек аяқтайды, олардың 6 535-і мемлекеттік, 882-сі жекеменшік мектептерде оқиды. «Алтын белгіге» 222 оқушы, үздік аттестатқа 319 оқушы үміткер. 9-сыныпты 13 605 оқушы бітіреді, олардың ішінде 734-і үздік аттестат алуға үміткер.
16 мамыр мен 5 шілде аралығында Атырау және Құлсары қалаларындағы екі тестілеу орталығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңі өтеді. Оған биылғы оқу жылының барлық 11-сынып оқушыларын қосқанда 13 300 түлек қатысады.
Жазғы маусымға дайындық аясында өңірдегі оқушылардың 93%-ын, яғни 134 812 баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 619,5 млн теңге бөлінді.
«2 маусымнан бастап әлеуметтік осал санаттағы 1 530 балаға Ресей Федерациясындағы Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан Геологі» шипажай-сауықтыру пансионатында демалыс ұйымдастырылады», – делінген әкімдік мәліметінде.
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов барлық бітіру іс-шараларының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді, сонымен қатар суға шомылу маусымы кезінде оқушылар мен ата-аналар арасында тәртіп ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жазғы лагерьлердің уақытылы ашылуы, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, білікті тәрбиешілерді тарту және оқушылардың жазғы демалыс кезеңінде тиімді уақыт өткізуі үшін жағдай жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.