Caspianlife, 19 мамыр. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы құзыретті органдарының келісімі бойынша «Тәжен» өткізу пункті арқылы жеке тұлғалардың, жеңіл автокөліктердің, автобустардың және жүк көтергіштігі 3,5 тоннаға дейінгі автокөліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылғанын еске салады.
Бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өткізу пунктінде құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдету мақсатында қабылданды. Қазіргі уақытта нысанда ауқымды жұмыстар жүргізілуде: металл құрылымдарды монтаждау, инженерлік желілерді тарту, ғимараттарды күрделі жөндеу.
Қосымша, мамырдан тамыз айына дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Тәжен» (Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы) мен «Даут Ата» (Өзбекстан) өткізу пункттері арасындағы бейтарап аумақта автожол салады. Ұқсас жұмыстар өзбек тарапынан да жүргізіледі деп жоспарлануда.
Бүгін Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «… құрылыс жұмыстарының жалғасуына байланысты Қазақстан Республикасы Өзбекстан тарапына шекарадан өту шектеуін тағы төрт айға — 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы ресми ұсыныс жолдады». Өзбекстан бұл бастаманы қолдады. Осыған байланысты Кірістер комитеті азаматтарды сапар мен бағыттарды жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруді сұрайды.