CaspianLife, 19 мамыр. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында утилизациялық төлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі қолданыста.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қаржыландыру жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жыл мерзімге дейін, төлемдерді кейінге қалдырумен 2 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ, министрлік пен «Атамекен» ҰКП тарапынан әкімдіктер ұсынған 67 жоба мақұлданғаны, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталғаны айтылды.
Аталған жобалар қатарында 2024 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Атырау қаласындағы «Фибратекс» ЖШС бар. Жобаның мақсаты — полиэтилентерефталат (ПЭТ) бөтелкелерін қайта өңдейтін және сапалы штапельді талшық өндіретін заманауи зауыт құру.
«2024 жылы компания полиэфирлі штапельді талшық өндіретін толық желі (тәулігіне 20 тонна), ПЭТ бөтелкелерін жуу желісі (шығарылым қуаты: сағатына 1000 кг) және ұстағышы бар тиегіш сатып алу үшін 1 043,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алуға өтінім берді. Жобаның іске қосылуы штапельді талшық өндірісінің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», – делінген Экология министрлігінің хабарламасында.