CaspianLife, 12 мамыр. Business.enbek.kz порталында 21 мамырдан бастап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін грант алуға өтінімдер қабылдау басталады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші лек аясында республика бойынша 4 500 қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Бұл гранттар жаңа бизнесті бастау және дамыту мақсатында қайтарымсыз негізде ұсынылады.
«Гранттың мөлшері – 400 АЕК (1 572 800 теңге). Әр қатысушы бұл грантты тек бір рет ала алады», – делінген хабарламада.
Бұл гранттар бастауыш кәсіпкерлерге өз бизнес әлеуетін ашуға, өндіріс жолға қоюға және дамытуға, тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін мына қадамдарды орындау қажет:
- Business.enbek.kz порталында тіркелу;
- Грант алу шарттарына сәйкестік бойынша тексерістен өту;
- Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтырып порталға жүктеу;
- Өтінім формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар өтінімді халыққа қызмет көрсету орталықтары мен карьералық орталықтардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында бере алады.
Грант алу үшін келесі шарттар орындалуы тиіс:
Грант алуға үміткерлер:
- Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
- Тіркелгеніне 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер.
Сонымен қатар үміткер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
- Мүгедектігі бар тұлғалар;
- «Қандас» мәртебесі бар азаматтар;
- Өңіраралық қоныс аударушылар;
- Табысы аз отбасы мүшелері;
- Көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы);
- Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы);
- Асыраушысынан айырылғаны үшін жәрдемақы алушылар.
Үміткерде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздерін оқығанын растайтын, мерзімі 3 жылдан аспаған сертификаты болуы керек.
Барлық рәсімдер электронды форматта жүргізіледі – бұл ашықтықты қамтамасыз етеді, адами факторды азайтады және үміткерлерге ыңғайлы болады. Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады.
Грантқа не сатып алуға болады:
- Қажетті құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық құрылғылар;
- Жануарлар, мал, құс;
- Көшет, бұта, тұқым;
- Ғимаратты жалға алу төлемі.
Грант берілмейтін мақсаттар:
- Тұтынушылық мақсаттар;
- Несие қарыздарын өтеу;
- Тұрғын үй сатып алу немесе салу;
- Жер телімдерін сатып алу;
- Акцизделетін өнім өндіру.
Гранттар еңбек мобильділігі орталықтары арқылы аудандық/қалалық комиссия шешімінің негізінде беріледі. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын комиссия отырысында таныстырады.
Комиссия бизнес-жоспарды келесі өлшемдер бойынша бағалайды:
- Бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- Өнімді өткізу нарықтарының пысықталуы;
- Қаржылық өміршеңдігі;
- Кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
- Жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті.
Комиссия шешімі үміткердің жеке кабинетіне жіберіледі. Егер шешім оң болса, үміткер банк деректерін ұсынып, шартқа қол қояды және әр тоқсан сайын қаржының жұмсалуы туралы есеп тапсырады. Барлық рәсімдер онлайн жүргізіледі, еңбек мобильділігі орталықтарына барудың қажеті жоқ.