CaspianLife, 8 мамыр. Өңірде жер пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекеттік жерлерді өз бетімен иемдену фактілерін анықтап, тоқтатты.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру қорытындысы бойынша жер заңнамасын бұзған 42 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Барлық құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 136-бабы бойынша сараланған. Істерді қарау нәтижесінде жалпы сомасы 7 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет кірісіне толық өндірілді. Сондай-ақ, құқық бұзушыларға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқамалар берілді.
«Сонымен қатар, департамент тарапынан екі жер учаскесін нысаналы мақсатына сай игеру қажеттігі туралы нұсқама берілді. Алайда, талаптар орындалмағандықтан, аталған учаскелер бойынша мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыздар берілді. Сот шешімдерімен бұл жер учаскелері мемлекетке қайтарылатын болды», – делінген хабарламада.