CaspianLife, 8 мамыр. Ұлттық банк Жеңістің 80 жылдығына арналған номиналы 1000 теңгелік мерейтойлық банкнот шығаратынын хабарлады. Жаңа серия 9 мамырдан бастап айналымға енгізіледі, таралымы – бес миллион дана.
«Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімдерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қазақстандықтардың қаһармандығы мен батырлығын есте сақтау мақсатында Ұлттық банк мерейтойлық банкнотты айналымға шығарады», – деп жазды ҚҰБ.
Банкноттың алдыңғы бетінде – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы бейнеленген (батырларға тағзым ретінде). Артқы бетінде – Қазақстан картасы және тарихи мұрағаттық фотосуреттерден үзінділер берілген.
«Көру бұрышын өзгерткенде жолақтан тереңдік, көлем және жарқырау сияқты үшөлшемді эффектілер, сонымен қатар мәңгілік от пен ұшып бара жатқан тырналардың қозғалыс эффектісі көрінеді».
Мерейтойлық банкнот Қазақстан аумағында номиналдық құны бойынша міндетті түрде қабылдануға жатады.
Дереккөз: Ұлттық банк.