CaspianLife, 30 сәуір. Бақылаушы орган қызметкерлері Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ақтөбе» футбол клубында (ФК) тексеру жүргізді.
Ақтөбе облысы прокуратурасының мәліметінше, 250 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталған.
«Олардың қатарында ойыншыларды трансферлеу мен әуе тасымалдаушыларына қатысты күмәнді мәмілелер бар. Сондай-ақ, ойыншыларды тамақтандыруға бөлінген қаражат клуб әкімшілігінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны белгілі болды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу), 361-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану) және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша үш сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық істер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тергеуге берілді. Тергеу барысы облыс прокурорының бақылауында.