CaspianLife, 30 сәуір. Бұл туралы Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған ауқымды семинар барысында айтылды.
Семинар тақырыбы: «Атырау қаласы халқы арасында ішек инфекциялары мен тағамнан уланудың алдын алу».
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның айтуынша, іс-шараға қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері, қаладағы азық-түлік базарлары мен қоғамдық тамақтану орындарының басшылары, жалпы саны 100-ге жуық кәсіпкерлік субъектілері қатысты.
Санитар дәрігерлердің мәліметінше, былтыр Атырау қаласы аумағындағы екі қоғамдық тамақтану орнында жаппай тағамнан уланудың екі фактісі тіркеліп, салдарынан 14 адам зардап шеккен. Бұл фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, қазіргі таңда тергеу жүргізілуде.
«Оқиғалардың бірі өткен жылдың тамыз айында, екіншісі – желтоқсанда орын алды. Екі жағдайда да фаст-фуд сататын дүңгіршектер болған. Бірінде суши мен пицца дайындалған, екіншісінде – донер мен шаурма. Барлығы 14 адам уланды. Тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың көптеген бұзушылықтары анықталды. Биыл мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Алдын алу мақсатында біз кәсіпкерлер арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның бірі – бүгінгі семинар. Жаз мезгілінде улану және жедел ішек инфекцияларының саны артатын болғандықтан, бұл кезеңге ерекше назар аударамыз», — деді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Бақытбек Хамза.
Семинар барысында мамандар қоғамдық тамақтану орындарында қолданылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды түсіндіріп, рұқсат беру құжаттарын алу, өндірістік бақылау бойынша есептерді дайындау және басқа да мәселелер бойынша ақпарат берді. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерінің баяндамаларынан кейін кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы бизнестің әкімшілік жауапкершілігіне, ал адам өміріне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар — қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Біздің мақсатымыз — бизнесті барынша ақпараттандыру және оларды бұзушылықтардан сақтандыру. Осы бағытта біз санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен тығыз жұмыс істейміз», — деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсел Сағындық.