Caspianlife, 29 сәуір. «Доссор–Құлсары» тас жолының мәселелі учаскесін жөндеу биылғы жылдың 1 маусымында аяқталады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мүшелеріне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сенім білдірді.
«AMANAT» партиясының ресми сайтында хабарланғандай, партиялықтар аталған жол учаскесіне арнайы барып, тексеріс жүргізді. Сонымен қатар, «…бұдан былай жұмыстардың орындалу барысы күнделікті бақыланады – жергілікті жерлерде арнайы партиялық бақылау бекеттері құрылуда», – делінген мәліметте.
Атырауда «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің көшпелі отырысы өтті. Онда «Доссор–Құлсары» және «Атырау–Астрахань» автожолдарының жағдайы талқыланды. «Доссор–Құлсары» жолында былтыр күзде басталған жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Ал «Атырау–Астрахань» жолының құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен. Биыл ақпанда өткен кеңес отырысында бұл мәселе қайта көтерілген еді. Наурыз айында «Доссор–Құлсары» жолының бір бөлігінде асфальт төсеу жұмыстары басталды.
Кеңес мүшелері құрылыс учаскелерін аралап, мердігерлердің түсініктемелерін тыңдап, жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды талап етті. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өңірдегі жол мәселесі республикалық деңгейдегі проблемаға айналғанын атап өтті.
– Бүгін біз өңір тұрғындарының «Доссор–Құлсары–Ақтау» республикалық автожолы мен «Атырау–Астрахань» трассасын қайта жаңғырту жұмыстарына қатысты шағымдарын қарау және оларды шешу жолдарын талқылау үшін жиналдық. Жол мәселесі – өңірдегі ең өткір тақырыптардың бірі. Халық жөндеу жұмыстарының сапасына, қарқынына және нәтижесіне көңілі толмайтынын айтып отыр. Бұл шынымен де республикалық деңгейдегі мәселеге айналды, – деді ол.
Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалының директоры Серік Керімқұлов «Атырау–Астрахань» жолының құрылысы биыл толық аяқталатынын мәлімдеді.
– Өткен жылғы су тасқынынан кейін кей жерлерде су әлі де толық кетпегендіктен, айналма жолдардағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Асфальт төсеу жұмыстары аяқталды, қазір жол төсемін нығайту бойынша қосымша жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін біз «Атырау–Астрахань» жолының 100 пайызына асфальт төселді деп хабарлағанбыз. Алайда айналма жолдардағы жұмыстар әлі жүріп жатыр. «Аққыстау–Тұщықұдық» учаскесінің 17 шақырымдық бөлігіндегі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы, «Атырау–Астрахань» трассасындағы барлық қосымша нығайту жұмыстары биыл тәмамдалады, – деді С.Керімқұлов.
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Сақанов, өңірлік филиал директоры Серік Керімқұлов және Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев «Доссор–Құлсары» тас жолының 8,5 шақырымдық ашық бөлігіндегі асфальт төсеу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтауға уәде берді.
– Мердігерлер барлық кемшіліктерді маусымға дейін түзетіп, жол жөндеу жұмыстарын тамыз айына дейін толық аяқтауға уәде беріп отыр. Жөндеу жұмыстары міндетті түрде қажет, бірақ ол халыққа қолайсыздық тудырмауы тиіс. Егер жол жөндеу салдарынан көліктер бұзылып жатса, бұл – халықтың қалтасына ауыр соққы. Сондықтан қандай жұмыс болмасын, бастысы – халыққа материалдық зиян келтірмеу. Жөндеу сапасын бақылау үшін «AMANAT» партиясы арнайы бақылау пункттерін құрады. Атырау облыстық және Мақат аудандық мәслихаттарының депутаттары бұл үдерісті жеке бақылауға алады, – деп түйіндеді Ерлан Саиров.