CaspianLife, 21 сәуір. Атырау облысындағы елу мектептің директорлары мен олардың орынбасарлары ауқымды қайта даярлау бағдарламасын сәтті аяқтады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, олар кадрлық басқару, қаржылық менеджмент, стратегиялық жоспарлау, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, цифрлық трансформация және мектептердің жеке даму бағдарламаларын дайындау бағыттары бойынша білім алды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов онлайн режимде құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды оқуды аяқтауларымен құттықтады.
– Бұл жоба Атырау облысындағы білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. «Жаңа мектеп – Атырау» бағдарламасы мектеп директорлары мен олардың орынбасарларын оқытып, көшбасшылық пен өзгерістер мәдениетін қалыптастырады. Болашақта осы біліммен бөлісіп, тәжірибе алмасуды жалғастырамыз, – деді М. Абуов.
Бағдарлама аясында Эстония, Финляндия, Түркия, Ресей және Қазақстаннан келген 40-тан астам танымал сарапшылар мен мектеп директорлары тренер ретінде шақырылды. Жеті оқу модулі ұйымдастырылып, олардың бесеуі офлайн форматта, екеуі Қазақстан, Финляндия және Эстонияда тағылымдама түрінде өтті. Қатысушылар әлемнің алдыңғы қатарлы мектептеріндегі заманауи оқыту және басқару әдістерімен танысты.
– 50 мектептің директорлары Финляндия мен Эстонияның он екі үздік мектебінде тағылымдамадан өтіп, білім беру, мұғалімдер даярлау, адами ресурстарды басқару және ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту жүйелерімен танысты. Қазақстанда олар High Tech Academy, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп және Tamos Space School мысалында инновациялық әдістерді зерттеді, – деді «Ed crunch» академиясы институтының басшысы Нұрлан Қиясов.
Қайта даярлау барысында қатысушылар өз мектептерінің даму бағыттарын айқындайтын жеке жобалар әзірледі. Бұл жобалар оқыту процесін жаңғыртуға, білім сапасын арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Әрбір басшылық команда деректерді талдау негізінде мектептің стратегиялық жоспарын құру дағдыларын меңгерді. Өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға дайын, өзгерістерге ашық басқарушылар қауымдастығы құрылды.
Айта кету керек, жобаға қатысқан 50 мектепте 55 мыңнан астам оқушы бар, және олардың 60 пайызы – аудандық білім беру ұйымдары.