Caspianlife, 16 сәуір. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті (ЭТД) бірлесіп «Қаржылық қауіпсіздік: XXI ғасырдың цифрлық тұзақтары» атты өңірлік форум өткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, мамандар қандай да бір компанияға инвестиция құймас бұрын, оның қаржы пирамидасымен байланысы бар-жоғын анықтап алу керектігін атап өтті. Мұндай жағдайда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Telegram-боты — «Baiqa, piramida!» көмектесе алады.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету заңмен қудаланады. Сонымен қатар, қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бүгінде Атырау облысында қаржы пирамидаларына қатысты үш қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Ерлан Имманғалиев.
Сондай-ақ, ақша айналымы, жеке бюджетті жүргізу, кіріс пен шығысты жоспарлау, несиелер мен пайыздық мөлшерлемелер, инвестиция негіздері секілді ұғымдарды білу де маңызды.
– Цифрландыру дәуірінде алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолдануда. Мәселен, WhatsApp немесе Telegram мессенджерлері арқылы ресми компаниялардың логотиптері мен суреттерін пайдаланып, deepfake технологиясы арқылы ұйым басшыларын алдап, қаржылық схемаларға сендіруге тырысады. Мұндай тәсілдер сенімге кіріп, адастыру мақсатында қолданылады, – деді қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі Зита Кенжеғалиева.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қаржы және есеп кафедрасының екі білім беру бағдарламасы аясында барлық білім беру бағдарламаларына «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты жаңа пән енгізілді.