CaspianLife, 16 сәуір. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны) зауытында дайын өнім қоймасын басқарудың озық жүйесі енгізілді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін зауыт қоймасында салмағы 1500 келіге дейінгі паллеттерді тасымалдау жұмыстары электротехниканы қолдану арқылы қолмен орындалатын. Енді қаптау желілерінен келіп түсетін өніммен жұмыс істеу циклі толығымен автоматтандырылып, роботтардың көмегімен (адамның қатысуынсыз) жүзеге асады.
Жаңа кешеннің негізінде WES (Warehouse Executive System) деп аталатын интеллектуалды IT-платформа жатыр. Бұл жүйе қазақстандық «AVVA Technologies» ЖШС компаниясымен әріптестікте әзірленген. WES зауыттың барлық өндірістік желілерімен тікелей біріктіріліп, өндіріс процесі туралы нақты уақыт режимінде ақпарат алып отырады. Жүйе өндіріліп жатқан өнім көлемін және оның қоймаға қашан жеткізілетінін нақты біледі. Бұл паллеттерді қабылдаудан бастап жөнелтуге дейінгі барлық кезеңде қоймадағы роботтандырылған техниканың жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға және сақтау орындарын алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.
Атыраудағы қойманы роботтандыру жобасы — KPI компаниясының алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге және Қазақстанның газ-химия саласындағы көшбасшылық позициясын нығайтуға ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде KPI он бір түрлі полипропилен маркасын өндіреді, бұл ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс және жақын шет елдерге экспортты да белсенді дамытып отыр.
Сурет: ҚазМұнайГаз сайты.