CaspianLife, 15 сәуір. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Chevron компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кездесуі барысында айтылды. Кездесу барысында мұнай өндіру және өңдеу салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар қолданыстағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің алғашқы полипропилен зауытының қызметі мысалында отандық мұнай-газ химиясын дамыту болашағы және жылына 1,25 млн тонна өнім шығаратын ірі полиэтилен кешенінің құрылысы жөніндегі мәселелерді талқылады. Сондай-ақ жылына 4,5 млрд текше метр шикі газ өндіретін Қарашығанақ кен орнындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы да қаралды.
«Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов Теңіз базасында ішкі қосылған құнды арттыруға бағытталған өндірістік кластерді дамыту арқылы жергілікті үлесті одан әрі ұлғайту қажеттігін атап өтті. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Энергетика министрлігінің ұсынымдарын ескере отырып, Теңіз кен орны қорларын тиімді игеру үшін жобалық шешімдерді өзектендіру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтауға бағытталған бағдарламаны әзірлеу қажеттігі аталып өтті», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кездесуде мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру және энергетикалық ресурстарды жеткізудің жаңа тізбектерін қалыптастыру мәселелері де талқыланды.