CaspianLife, 10 сәуір. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Серікқалиев қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жиын барысында Ерлан Серікқалиев 2018-2023 жылдар аралығында Атырау облысында дене шынықтыру, спорт және туризм саласына жергілікті бюджет есебінен едәуір қаражат бөлінгенін мәлімдеді.
— Осы кезеңде өңірде 26 спорт нысаны салынды. Алайда, жалған дипломмен жұмысқа орналасу, іссапар шығындарын қолдан көбейту, нысандарды тиімсіз пайдалану, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін басшыларды тағайындау секілді заңбұзушылықтар тіркелді. Жалпы қаржылық тәуекелдер сомасы 902 миллион теңгеден асты, — деді Е. Серікқалиев.
Бүгінгі таңда департамент тарапынан ұсынылған 22 ұсыныстың 19-ы орындалған. Алайда, бейнебақылау жүйесін енгізу, жалған жолақы билеттері арқылы төленген қаражатты қайтару сынды мәселелер әлі шешімін таппаған.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, сыртқы талдау нәтижесінде елуге жуық қызметкер жұмыстан босатылған.
— Хоккей және футбол клубтары, сондай-ақ «Атырау» спорт кешені мемлекеттік меншікке қайтарылды. Атырау облысы аса ірі туристік аймақ болмаса да, бұл бағытта даму картасы әзірленіп, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылымды жетілдіру, цифрландыру және туристік маршруттарды дамыту жоспарланған. Даму картасына «Сарайшық» музей-қорығы, лотос аңғары, Нарын құмдары, Ақкегершін тауы, Индер тұзды көлі, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты енгізілген. Басқарма тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, ашықтықты қамтамасыз ету және қаржыны тиімді жұмсау бойынша кешенді және нақты шаралар қабылдануда, — деді Н. Сыдықов.