CaspianLife, 8 сәуір. Әңгіме Атырау қаласының тұрғыны Яна Легкодимова туралы болып отыр. Ол 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, ол өлтіріліп, денесі қала сыртындағы Жайық өзеніне тасталған.
Еске сала кетейік, 2001 жылы туған Яна Легкодимованың жоғалғаны туралы алғашқы ресми ақпарат 2024 жылдың 21 қазанында жарияланған болатын. Сол кезде ТЖД баспасөз қызметі: «Яна 18 қазан күні сағат 22:00 шамасында үйінен шығып кеткен және осы уақытқа дейін оралмаған» деп хабарлаған еді.
Ал екі күннен кейін, 23 қазанда, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың жоғалуына қатысты екі күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Олардың жасы – 24 және 25-те, және олар қылмысты мойындаған. Полиция мәліметінше, Яна Легкодимова өлтіріліп, денесі қала сыртындағы Жайық өзеніне тасталған. Бұл дерек бойынша «Адам ұрлау» және «Кісі өлтіру» баптарымен қылмыстық іс қозғалған.
2024 жылдың 22 қазанынан бастап ТЖД қызметкерлері қылмыс болған деп болжанған жерде өзенде іздестіру жұмыстарын бастаған. Алайда, мұз қатқанға дейін жүргізілген іздестірулер нәтиже бермеген. 2025 жылдың 20 наурызынан бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданды.
Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада, 5 сәуірде, іздеу жұмыстарына Ақтөбе облыстық ТЖД-дан 6 құтқарушы, 1 техника және 2 қайық, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық ТЖД-дан да 6 құтқарушы, 1 техника және 2 қайық тартылған.
«Іздеу жұмыстарына күн сайын 23 қызметкер, 5 техника және 7 су көлігі жұмылдырылған. 2025 жылдың 20 наурызынан бері 138 рет суасты сүңгуір жұмыстары жүргізілді, 21 070 шаршы метр аумақ тексерілді, сондай-ақ 3,4 шақырым жер тралдау әдісімен тазаланды», – деп нақтылады Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі.