CaspianLife, 1 сәуір. Кеше табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен брифингте «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу мәселелері талқыланды.
Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді. Жыл сайын бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдары заңсыз балық аулаудың және оны айналымға енгізудің алдын алу мақсатында күш біріктіреді.
Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрі, Ішкі істер министрі (ІІМ) және Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрығы қабылданды.
Аталған бұйрық аясында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекетін үйлестіретін штабтың құрамы бекітіліп, акция барысында бірлескен іс-қимыл жоспары жасалды. Үйлестіру штабының басшылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне (АШМ БШК) жүктелді.
Акция аясында браконьерлік әрекеттердің жиі кездесетін жерлерінде стационарлық және жылжымалы бекеттер мен мобильді топтар ұйымдастырылды. Негізгі күштер Каспий теңізінің жағалауына, Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларына шоғырландырылады, өйткені браконьерлік әрекеттер көбінесе осы аймақтарда тіркеледі.
Сонымен қатар, акция барысында әуежайларда, вокзалдарда және ірі автожолдарда балық пен балық өнімдерін республикадан тыс жерлерге шығаруға бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ ел ішінде заңсыз балық айналымын анықтау және тоқтату шаралары жүргізіледі.
Қазақстанның батыс өңірлерінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының 1 466 қызметкері жұмылдырылады: оның ішінде 604-і Атырау облысында, 222-і Батыс Қазақстан облысында және 640-ы Маңғыстау облысында жұмыс істейді.
Жайық-Каспий бассейніндегі браконьерлікті тоқтату мақсатында 298 автокөлік пен квадроцикл, 84 қайық пен шағын кеме, 6 ұшатын аппарат және басқа да техникалық құралдар пайдаланылмақ.
«Атырау облысы бойынша Жайық және Қиғаш өзендерінде 18 бекет құрылды, оның 7-еуі стационарлық, 11-і жылжымалы. Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейнінің барлық аумағында әрекет ететін бір мобильді топ жасақталды», – делінген хабарламада.
Өткен жылдардағы балық қорғау акцияларының нәтижелері көктемгі балық аулау маусымында браконьерлік топтардың белсенділігі артатынын көрсетеді. Мәселен, «Бекіре-2024» акциясы барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары табиғатты қорғау заңнамасының 945 бұзушылығын анықтады, 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 71 қылмыстық іс тіркелді.
Акция қорытындысы бойынша балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 19,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 11,3 тонна балық тәркіленді. Оның ішінде 2 тонна 230 кг бекіре тұқымдас балық, 8,328 кг уылдырық, 44 жүзу құралы және 1 578 балық аулау құралы алынған.
(Ақпарат Жайық-Каспий аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан алынды)