CaspianLife, 20 наурыз. Бұл туралы кеше Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында айтылды.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, штаб отырысында сауда көлемін ұлғайту мүмкіндіктері, Шымкент пен Жамбыл облысының экономикалық даму көрсеткіштері және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін мәселелер қаралды.
Сауда-саттық Қазақстан экономикасында екінші орын алады, оның жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі – 19,1%. 2025 жылдың алғашқы екі айында сауда-саттықтың нақты көлем индексі (НКИ) 6%-ды құрады, бұл жоспарланған 4,7%-дан жоғары.
«Сауда-саттықтың нақты көлем индексі өсіміне негізгі үлес қосқан бес өңір бар, олардың үлесіне жалпы тауар айналымының 73,6%-ы (қаңтар-ақпан аралығы – 3,5 трлн теңге) тиесілі. Бұл Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстары», – делінген хабарламада.
Көтерме сауда 6,6%-ға өсіп, 6,1 трлн теңгеге жетті. Бұл мұнай өнімдері, автокөлік техникасы, фармацевтикалық өнімдер, астық, қант және сусындар есебінен болды. Бөлшек сауда 4,7%-ға (2,8 трлн теңге) артты, оған мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, машина мен жабдықтар, кондитерлік, ет және балық өнімдерінің өсуі әсер етті.
ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, сауда саласында негізінен шағын және микро бизнес (99%) жұмыс істейді, олардың үлесіне жалпы тауар айналымының 66%-ы тиесілі. 2025 жылы сауда-саттықтың нақты көлем индексін 113%-ға жеткізу үшін тауар айналымын 87 трлн теңгеге дейін арттыру қажет (2024 жылы – 70 трлн теңге). Бұл негізінен көтерме сауда есебінен қамтамасыз етіледі, ол саланың 67,5%-ын құрайды.
Сауданы дамыту үшін шикі мұнай мен газ өндіруді, өңдеу өнеркәсібін және агроөнеркәсіптік кешенді кеңейту жоспарланған. Сондай-ақ, фармацевтикалық өнімдер өндірісін арттыру және тұрмыстық техниканың жаңа түрлерін шығару қарастырылып отыр.
Шикізаттық емес экспортты ұлғайту мақсатында Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстан, БАӘ, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Пәкістан нарықтарына тауар жеткізуді кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта қосымша 10 сауда үйі мен серіктестік кеңселері ашылады. Қазақстандық тауарлардың халықаралық маркетплейстер арқылы электрондық саудаға интеграциялануы жүргізілуде.
Бөлшек сауданың үлесі – 32,5%. 2025 жылы бөлшек сауда көлемі 28 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,5 трлн теңгеге артық. Осы секторды дамыту үшін «Digital Bazar» жобасы іске қосылып, тауарларды таңбалау тізімі кеңейтіледі және тұтынушылық несиелендіру дамытылады.
(Материалдың толық нұсқасын ҚР Премьер-Министрінің сайтынан оқи аласыз)
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахым Қойлыбаев