Caspianlife, 18 наурыз. Облыстық штабтың су тасқынына дайындық мәселелері бойынша отырысында өңір басшысы Серік Шәпкенов уәкілетті органға қорғаныс бөгеттерінің сапасын тексеруді тапсырды.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Салауат Төленов 16 наурызда Ириклин су қоймасынан су жіберу көлемі 201 текше метр/сек, ал Еділ су қоймасынан 5070 текше метр/сек болғанын мәлімдеді.
— Ресейдің Гидрометеорология қызметімен бірлесіп жасалған гидрологиялық болжамға сәйкес, көктемгі су тасқыны кезінде Атыраудағы Жайық өзенінің гидробекетінде судың ең жоғары деңгейі 430-490 см аралығында болуы мүмкін. Бұл – көпжылдық орташа мәннен (норма – 455 см) 33 см жоғары. Өткен жылы су деңгейі 600 см-ге жеткен болатын. Дегенмен, биылғы қыс мезгілінде облыста жауын-шашын мөлшері өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 36%-ға төмендеген. Алдын ала болжам бойынша, су тасқыны ең қарқынды өтетін аймақтар ретінде Жылыой және Қызылқоға аудандары белгіленіп отыр, – деді С. Төленов.
Қосымша түрде Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында төрт маусымдық гидробекет орнатылды. Облыс әкімі қосымша гидробекеттерді орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) бастығы Нұрлан Жанабаев барлық күштік құрылымдар мен арнайы техника су тасқынына қарсы күреске дайын екенін мәлімдеді.
— Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 1660 адам, 283 техника, 269 мотопомпа және 39 жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар, 48,5 тонна жанар-жағармай, 1453 тонна инертті материалдар және 866 300 құм толтырылған қаптар дайындалды. Тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 29 мың адамды сыйдыра алатын 200 эвакуациялық пункт қарастырылды. Қазіргі уақытта су басу қаупі жоғары елді мекендердің тізімі нақтыланып, жауапты қызметкерлер тағайындалды. Олар алдын ала аумақтарды зерттеп, су тасқыны жағдайын қадағалайды, – деді Н. Жанабаев.
Серік Шәпкенов жауапты қызметкерлерді алдын ала бөлуді және оларды тұрғын үймен, тамақпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, аудандағы тоғыз ауылдық округте жалпы ұзындығы 50,8 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері күшейтілген.
— Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің төрт шақырымдық жағалау сызығы бекітілді, өзен арнасының 1 шақырымы тазартылды. 15 наурыздан бастап су деңгейінің көтерілуі байқалды – қазіргі биіктігі 90 см (ең жоғары шек – 2,5 м). Қазіргі уақытта өзен жағалауында 18 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, компаниялар мен мердігерлік ұйымдармен меморандум жасалды, қажет болған жағдайда қосымша 60 техника су тасқынына қарсы күреске тартылады. Су басу қаупі бар аймақтарда трансформаторлар, қосалқы станциялар мен газ реттегіш бекеттерін қорғау үшін арнайы қорғаныс нысандары орнатылды, – деді Қ. Әзмұханов.
Жылыой ауданында да төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
— Жем өзенінің 96 шақырымдық арнасы тереңдетілді. Ауданда бөгеттер тұрғызылып, қорғаныс нысандары нығайтылуда. Бүгінгі күні бұл жұмыстар 87%-ға аяқталды, – деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.
— Қазіргі таңда Жылыой ауданы су басу қаупі жоғары аймақ ретінде белгіленген. Жем өзенінің гидрогеологиялық бюллетені күн сайын бақылауда. Соңғы онкүндіктегі өлшеу нәтижелері бойынша Ақкиізтоғай гидробекетінде су деңгейі 135-136 см аралығында. Алайда, көршілес Ақтөбе облысындағы (Саға және Жағабұлақ гидробекеттері) су деңгейінің өзгерісі тіркелмеді. ТЖ алдын алу мақсатында Жем өзенінде үш қауіпті учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, су тасқыны қаупін азайту үшін Қызылжар және Жиенай ауылдары маңында Жем өзенінің арналары уақытша ашылды, – деді Ж. Қаражанов.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов:
— Биылғы көктемгі су тасқыны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен болады деп болжанса да, бақылауды бәсеңдетуге болмайды. Менің орынбасарым Орынбор облысына барып, ондағы жағдаймен танысты. Алдын ала болжам бойынша, биыл Жайық өзеніндегі су көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз болуы мүмкін. Қазіргі уақытта былтырғыдай үлкен қауіп байқалмайды, бірақ сақтық шараларын ұмытпау керек. Себебі қар толық еріп біткен жоқ, сондай-ақ нөсер жаңбыр жауу ықтималдығы сақталуда. Бұл судың деңгейіне әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта Ресеймен жедел ақпарат алмасу жолға қойылған, бұл қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Өткен демалыс күндері Жылыой және Қызылқоға аудандарында аэровизуалды тексеру жүргіздім. Алдағы үш күнде күндіз де, түнде де тұрақты оң температура сақталады. Осыған байланысты Жылыой және Қызылқоға аудандарының әкімдері жауапты қызметкерлерді тағайындап, жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шекаралас аймақтармен үнемі ақпарат алмасып отыруы қажет. Сондай-ақ техникалық және адам ресурстарын тиімді бөлу жоспарын дайындау керек. Қорғаныс бөгеттерін күшейту бойынша жоспарланған жұмыстар сапа стандарттарына сай, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Оларды уақтылы орындау аудан әкімдерінің тікелей жауапкершілігінде. Қосымша түрде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына салынған қорғаныс нысандарының сапасын тексеруді тапсырамын, – деді С. Шәпкенов.
Облыс әкімі су тасқыны туралы ақпарат тұрғындарға уақытында жеткізілуі керектігін ерекше атап өтті.
— Халық барлық өзгерістер мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы дер кезінде хабардар болуы тиіс. Біз жалған ақпараттың таралуына немесе халық арасында үрей туындауына жол бермеуіміз керек. Аудан әкімдері мен штаб мүшелері су тасқынына қатысты барлық мәліметті уақтылы жариялап отыруы қажет. Барлық ақпарат ресми көздер арқылы жедел таратылып, әр тұрғын жағдайдан хабардар болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі бөгеттерді балансқа беру процесін жеделдетуді және гидрогеологиялық жағдайды цифрландырудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуді тапсырды.