CaspianLife, 13 наурыз. Бұл мәселе премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және оның салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында талқыланды.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлердегі гидрометеорологиялық жағдай туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады. Су тасқыны жағдайын «Tasqyn» жүйесінде модельдеу нәтижелері туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, су нысандарындағы ахуал туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, төтенше жағдайларға дайындық шаралары туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндады. Сонымен қатар, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдері су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
13 наурыздағы жағдай бойынша, ел аумағының 67%-ын қар жамылғысы жауып жатыр. Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Кызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп, су тасқыны кезеңі басталды.
Максималды топырақ қату тереңдігі елдің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында байқалады:
- Қостанай облысында 150 см және одан да көп,
- Ақмола облысында – 139 см,
- Павлодар облысында – 159 см,
- Қарағанды облысында – 132 см.
Синоптиктердің болжамы бойынша, наурыз және сәуір айлары жылы болып, жауын-шашын мөлшері елдің көп бөлігінде нормадан жоғары болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады.
Биыл «Қазгидромет» алғаш рет әрбір облыс бойынша судың ең жоғарғы деңгейі, гидрологиялық бекеттер бойынша ағын көлемі және су басу қаупі бар елді мекендер көрсетілген егжей-тегжейлі мәліметтерді ұсынды. Жүргізілген талдау нәтижесінде су тасқыны қаупі жоғары өңірлер анықталды. Жоғары қауіпті аймақтар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары. Орташа қауіп аймағына Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары кірді.
Су тасқынының алдын алу мақсатында құзырлы органдар Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су басу қаупі жоғары елді мекендерді тексеріп, тиісті тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта ТЖМ азаматтық қорғаныс қызметтерінің күштері мен құралдарын жұмылдыруда. Оның құрамында 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан аса техника, 4 мыңнан аса су сору құрылғылары және 640 жүзу құралы бар. Сонымен қатар, ТЖМ әуе техникасы тәулік бойы дайындықта тұр. Бұдан бөлек, қосымша 1 мыңға жуық қызметкер, 120 техника, 123 су сору құрылғысы және 39 жүзу құралы резервте сақадай сай тұр.
«Мемлекет басшысы су тасқынының алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды. Үкімет бұл бағытта ұйымдастырушылық, инженерлік және жедел шараларды қабылдап жатыр. Өңірлер жоғары дайындық режимінде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендердің су астында қалуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Су бөгеттері нығайтылып, өзен арналары тазартылуы керек. Степь өзендерінің тар жерлері кеңейтілуі тиіс. Сондай-ақ, су басу қаупі бар елді мекендерде арнайы техникалар дайын болуы қажет. Эвакуация орындары анықталып, олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек», – деді премьер-министр.
Төтенше жағдайлар министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, су тасқыны жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Егер жағдай ушыға түссе, қосымша күштер мен ресурстар жұмылдырылуы керек.
Атырау облысында Жем және Қиғаш өзендеріндегі жоғары тәуекелдерді ескере отырып, жергілікті әкімдікке халықты қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдау жүктелді.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жауапты органдармен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.