Каспийде итбалықтар жойылып барады. 15 жылдан бері осы сүтқоректілерді зерттеумен айналысатын білікті маман Мерғали Баймұқановтың айтуынша, бұған түрлі техногендік фактор себеп болуы мүмкін екен.
Егер дәл мұндай қарқынмен жалғасатын болса, теңіз жануарының мүлдем жойылып кету қаупі бар. Итбалықтардың көзден ғайып болып бара жатқанын Гидробиология және экология институтының өкілдері талай мәрте көтерді. Тіпті, кезінде өз ұсыныстарын да жеткізген.
Мерғали БАЙМҰҚАНОВ, Гидробиология және экология институтының жетекшісі:
– Итаблықтар Каспийдің солтүстік мұзды аумағын 2005–2012 жылдары көп мекендеді. Санақ бойынша көк теңізде 110 мыңнан аса итбалық болған. Ал бүгінде олардың қатары 10 есеге дейін азайған. Біз 2006 жылы бұл теңіз жануарларын аулауға байланысты лимитті алып тастау жөнінде бастама көтердік. Сондай-ақ, итбалықтарды халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл кітабына енгізу туралы ұсыныс бергенбіз. Біздің ұсынымызға ҚР балық шаруашылығы комитеті қолдау білдірген.
Алматы қаласындағы Гидробиология және экология институты – Каспий итбалықтарын қорғаумен айналысатын жалғыз мекеме. Жетекшісінің сөзінше, Қазақстан аумағына тиесілі көк айдында мекендейтін итбалықтар әлі қызыл кітапқа енбеді. Дегенмен осы жылдан үміт бар. Ал Каспий жағалауында тұратын көрші Түркіменстан, Әзербайжан және Иран елдері бұл сүтқоректілерді әлдеқашан енгізіп қойған. Ресей де осы жылы қызыл кітапқа кіргізіпті. Мамандарды алаңдататын бір ғана мәселе бар, ол – браконьерлердің теңізге салған торына оралып, одан қалса тірідей қорланып жатыр. Сүтқоректілерді сақтап қалудың бір жолы – тез арада қызыл кітапқа енгізіп, бақылауда ұстау.
Мерғали Баймұқановтың айтуынша, итбалықтарды сақтап, одан әрі көбейтуге де болады. Ол үшін теңіз жағалуы, шағын аралдар мен шығанақтың солтүстік бөлігін ерекше қорғауға алу керек.
Итбалықтар Түпқараған ауданы мен Кендірлі демалыс орны аумағында көптеп мекендейді. Бірақ бұрынғыдай емес, қатары жылдан-жылға сиреп барады.