CaspianLife, 6 наурыз. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиус Навикаспен кездесті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік логистикасы, құрылыс және цифрландыру мәселелерін талқылады. Елші Атырау өңірінің жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, Литваның экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімі С. Шәпкенов Литваның өңір үшін сенімді экономикалық серіктес екенін атап өтіп, Атырау облысы үшін маңызды барлық ұсыныстар мен жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
«Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты экономикалық байланыстарды нығайту, жаңа нарықтар мен технологияларды зерттеу мақсатында Атыраудан Литваға арнайы бизнес-делегация жіберу жоспарланды», – делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, өткен жылы Атырау облысы мен Литва арасындағы сыртқы сауда айналымы 152,1 миллион АҚШ долларын құрағаны нақтыланды. Тауар айналымының негізгі бөлігін импорт құрайды.