CaspianLife, 6 наурыз. Астрахань облысында мұздатылған көкөніс өндіру қарқынды дамып келеді.
Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің хабарлауынша, бұл жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісім өткен жылы Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында жасалған. Оның айтуынша, бүгінде «Билд» компаниясы тәулігіне 20 тонна дайын өнім шығарады. Қыс мезгілінде – мұздатылған картоп фри, ал жазда өнім түрлері айтарлықтай кеңейеді. Зауыт тәулік бойы, үш ауысыммен жұмыс істейді. 120 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын шикізатты тек астрахандық өндірушілерден сатып алады. Ірі агрокешендермен қатар, шағын фермерлік шаруашылықтармен де ынтымақтасады. Бұл өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына қосымша серпін береді.
«Дайын өнім еліміздің көптеген өңірлеріне жеткізіледі. Астрахань облысын дамыту ұйымының қолдауымен кәсіпорын өткізу нарығын едәуір кеңейтті. Қазақстан мен Өзбекстанға экспорт жолға қойылды. Сонымен қатар, өңірлік ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен тағы бір зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді И. Бабушкин.