CaspianLife, 28 ақпан. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ұлттық экономика вице-премьер-министрі Серік Жұманғаринмен және Қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау нәтижесінде, шағын бизнесті қолдау мақсатында енгізілген арнайы салық режимдерінің (СРП) кейбір адал емес салық төлеушілер тарапынан салық міндеттемелерін оңтайландырудың заңды схемалары ретінде пайдаланылып отырғаны анықталғанын мәлімдеді.
Бүгінде Қазақстанда 2,3 миллион салық төлеуші тіркелген. Олардың тек 8%-ы немесе 137 мыңы ҚҚС төлеушілер болып табылады. Жалпы, салық төлеушілердің 81%-ы жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы жылдық табысын 15 миллион теңгеден аспайды деп көрсетеді.
«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға ортақ салық режимімен жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуын талдадық. Бұл өзара есеп айырысу көлемі соңғы бір жылда екі есеге өсіп, 5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін жеткенін көрсетті. Арнайы салық режиміндегі субъектілердің жалпы айналымы 16 трлн теңгені құрайды, оның ішінде жалпыға ортақ салық режимімен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс таба отырып, салық төлеушілер өте аз салық төлеп отыр», – деді Мәди Такиев.
Бизнес өкілдері салық міндеттемелерін азайту үшін түрлі схемалар қолданатыны анықталды. Бір компания тауарды сатып алып, оны өзіндік құнымен жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания залал шегеді деп көрсетіп, ал екіншісі ҚҚС төлеуден босатылады.
Сондай-ақ, бизнесті бірнеше заңды тұлғаға бөлу әдісі кеңінен қолданылады. Мысалы, бір мейрамхананың бар, ас үй және караоке қызметтері әртүрлі компанияларға ресімделеді немесе қонақүйдің әр қабаты жеке кәсіпкерлердің (ЖК) иелігінде болады. Ал олардың біреуінің жылдық табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, ол қызметін тоқтатады да, оның орнына жаңа заңды тұлға келеді. Бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.
«Жалақы қорына жүктемені азайту мақсатында кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкерлер ретінде тіркеледі және бұрынғы жұмыс берушісіне қызметкер емес, бөлек тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Осылайша, еңбекақы қорына салықтық төлемдер азайтылады, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі төмендейді», – деп атап өтті Мәди Такиев.
Осыған байланысты Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында келесі шараларды ұсынады:
— бизнесті бөлшектеудің заңнамалық критерийін енгізу;
— салық даулары кезінде мәннің нысаннан басымдылығы қағидатын енгізу;
— осындай заңбұзушылықтарды анықтау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
— жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлеріне шектеу қою.
«Қаржы министрінің ақпаратына сәйкес, адал емес кәсіпкерлер салық жүктемесін азайту үшін түрлі схемаларды қолдануда. Миллиардтаған айналымға қарамастан, олар бюджетке табыстарына сай келмейтін салық төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Олардың қатарында BI Group, BAZIS және басқа да танымал құрылыс компаниялары, атақты мейрамханалар, фитнес-клубтар және экономиканың түрлі секторларындағы кәсіпорындар бар.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, салық жүктемесін азайту схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына үндеу жасаймын. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттігі туралы хабарламалар түседі.
Барлықтарыңызды екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсырып, әділ салық төлеуге шақырамын.
Егер бұл талаптар орындалмаса, мемлекет өзінің барлық мүмкіндіктерін, соның ішінде фискалдық және құқық қорғау құралдарын қолдануға құқылы.
Әңгіме қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекетке әділеттілік танытуға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
(ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)