CaspianLife, 27 ақпан. Махамбет балық инспекциясы бөлімінің қадағалауымен Ақжайық ауылдық округінің мамандары су айдындарындағы балықтардың тұншығу қаупінің алдын алу шараларын ұйымдастырды. Іс-шара барысында ауданға қарасты Ақжайық ауылы маңындағы 8-ауыл су айдыны мен Ақтөбе жайылма суында балықтарды оттегімен қамтамасыз ету үшін ойықтар (майна) ойылды.
Қыс мезгілінде мұз қатқан кезде су астындағы оттегінің мөлшері азайып, балықтардың тұншығу қаупі артады. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті мамандар су айдындарында ойықтар жасап, арнайы үкіні (ағаш немесе қамыстан жасалған құрылғы) орналастырды. Бұл құрылғылар суға оттегінің жақсы сіңуіне көмектеседі.
Аталған шараға 10 адам мен 2 автокөлік жұмылдырылды. Мамандар 2×3 метр көлемінде ойықтар ойып, олардың айналасына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін қоршаулар орнатты. Қазіргі уақытта өңірдегі мұз қалыңдығы 30 см-ге жеткен.
Мұндай шаралар су айдындарындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және балықтардың жаппай қырылуының алдын алуға мүмкіндік береді. Махамбет ауданының мамандары бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратынын хабарлады.
Дереккөз: Жайық-Каспий Облысаралық Ббши