CaspianLife, 25 ақпан. Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен жиында Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселесі қаралды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға эколог-активистер, тәуелсіз сарапшылар және табиғат жанашырлары қатысты. Кездесу барысында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Эколидер» еріктілер клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова Каспий итбалығы мен оны қорғаудың маңыздылығы туралы баяндады. Сарапшының айтуынша, итбалықтардың жойылуына теңіздің ластануы, браконьерлік және өндірістік жұмыстар себеп болуда.
— Теңіздің ластануы итбалықтың физикалық жағдайына әсер етіп, оны Каспий теңізінің экологиялық ахуалының тірі көрсеткішіне айналдырады. Итбалық – Каспий теңізінің эндемигі, яғни ол әлемнің басқа ешбір жерінде кездеспейді. Сондықтан оны сақтау аса маңызды, — деді Бақытгүл Жақсылықова.
Кездесу барысында табиғат қорғаушылары итбалық популяциясын сақтау жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, табиғаттағы итбалықтарды жүйелі түрде зерттеу, осы саладағы тапшы мамандықтарға гранттар бөлу, жергілікті мамандарды теңізді мониторингтеуге тарту, браконьерлікпен күрес шараларын күшейту, экологиялық заңнаманы жетілдіру және Каспий маңы елдерімен бірлесіп зерттеулер жүргізу қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл ұсыныстарды талдап, жауапты тұлғаларға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
— Каспий итбалығы теңіз экожүйесінің ғана емес, тұтас аймақтың экологиялық ахуалының айнасы. Итбалықтарды қорғау жүйелі болуы үшін нақты алгоритм әзірлеу қажет. Сонымен қатар, өлі итбалықтар анықталған жағдайда оларды жою шараларын қолға алу керек. Процестерді тиімді басқару үшін цифрлық технологияларды енгізу маңызды. Сондай-ақ, теңіз саласына маманданған жергілікті оқу орындары мен жоғары оқу орындары арасында гранттар бөлуді қарастыру керек. Бірақ оған дейін біз аймаққа дайын мамандарды шұғыл тартуымыз қажет. Итбалықтарды сақтау бойынша нақты шаралар үнемі күн тәртібінде болуы тиіс, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)
Сурет: Рахим Койлыбаев