CaspianLife, 20 ақпан. Полиция мәліметінше, аймақта республикалық және өңірлік автожолдарда жол қозғалысын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) қолданыла бастады.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дрондар жол жүру ережелерінің бұзылуын тіркейді. Атап айтқанда, жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, басып озу ережелерін бұзу және басқа да қауіпті маневрлер анықталады.
Бұл шара жол қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Полиция барлық жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады және жолдағы қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі екенін еске салады.