Биыл 24 наурыздан бастап IMEI-коды тіркелмеген смартфондар бұғатталады. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің айтуынша, жаңа сатып алынған телефондар үш сатыға жіктеледі. Егер смартфон заңды түрде сатып алынса «ақ тізімге», ал сатып алудың заңдылығында күдік болса, мысалы, IMEI-коды қайталанса «сұр тізімге» енгізіледі. Осы ретте, пайдаланушыға мәселені шешу үшін 30 күн уақыт беріледі. «Ақ тізімге» қосылу үшін заңды түрде сатып алынғанын растайтын құжаттар болуы тиіс. Егер телефон тіркелмеген, яғни ұрланған болса, ол «қара тізімге» еніп, бұғатталады. Кейін тұтынушы ешқандай байланыс желілеріне қосыла алмайды. Айта кетейік, бұл жаңашылдық 24 наурыздан кейін сатып алынған телефондарға қатысты. Ал оған дейінгілеріне ештеңе болмайды.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ІМЕІ-коды қайталанған шамамен 3,7 млн. смартфон бар. Олардың шетелден заңсыз кіруі салдарынан мемлекетке жыл сайын 100 млрд. теңге көлемінде қосымша құн салығы төленбей отыр, дейді министрліктегілер. Заң күшіне енгеннен кейін сатып алынған смартфондардың иелеріне құрылғының статусы жайлы хабарлама жіберіледі. Саладағы бұл жаңашылдық сауданы заңдастырудан бөлек, тіркеу жүйесін одан әрі жақсартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және алаяқтықпен күресуге бағытталып отыр.