CaspianLife, 21 қаңтар. Махамбет ауданында Бақсай каналының маңындағы далалық су жайылмаларында оттегінің жетіспеушілігінен тұншығып жатқан шортан тектес балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасуда.
Жайық-Каспий аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашевтің айтуынша, 14–20 қаңтар аралығында каналдан 8,5 миллионнан астам балық шабағы (орташа салмағы 6 грамм) жиналып, Жайық өзеніне шығарылған. Бұл жұмыстарға 200-ге жуық адам мен 41 техника жұмылдырылған.
Құтқару шараларына балық инспекциясы қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдар (әкімдік), «Абылай хан», «Каспий рыба Евразия» балық кәсіпорындары, «Қазсушар» РМК жергілікті филиалының өкілдері, №99245 әскери бөлімінің сарбаздары мен еріктілер қатысуда. Алмас Жұмашевтің мәлімдеуінше, балықтарды Жайыққа тасымалдау мен құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда.
(Суреттер балық инспекциясы тарапынан ұсынылған)