CaspianLife, 21 қаңтар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) шетелде жүрген қазақстандықтарды алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Polisia.kz ведомстволық сайты.
Бүгінде мыңдаған отандасымыз шетелде білім алып немесе жұмыс істеп жүр. Олар жергілікті ақпарат алмасу, өзара көмек көрсету мақсатында Telegram мен WhatsApp-та чаттар ашады. Алаяқтар осындай чаттарға қосылып, өзін қазақстандық ретінде таныстырып, валютаны әдеттегіден тиімді бағада айырбастау қызметін ұсынады. Соның нәтижесінде ақшаны тікелей аударуға қатысты адамдарды жалған схемамен байланыстырып, криптовалюта сатумен айналысатын немесе дроппер ретінде әрекет ететін тұлғалардың реквизиттерін береді.
«Валютаны айырбастаймыз деген желеумен ақшаны алған соң, алаяқтар хат алмасуларды өшіріп, чаттардан шығып кетеді. Мұндай жағдайлар Кореяда, Қытайда және АҚШ-та қазақстандықтарды алдау фактілері бойынша тіркелді. Ел азаматтарын барынша мұқият болуға және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз», – деп хабарлайды ІІМ.