CaspianLife, 20 қаңтар. Өткен жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, Қаратон Подсолевой учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бастады.
«Самұрық-Қазына» қорының ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл учаскедегі алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылаудың басталуы – Қазақстанның ресурс базасын нығайтудағы маңызды қадам.
Қаратон Подсолевой кен орны Теңіз сияқты ірі кен орнына жақын орналасқан. Тереңде көмірсутектерді іздеу бірқатар күрделі техникалық міндеттерді қамтиды: үлкен тереңдік, жоғары қысым, күкіртсутектің болуы және тұз қабаттарының қалыңдығы.
«Қаратон Подсолевой» жобасы Қазақстандағы күрделі кен орындарына инвестиция тартуға мүмкіндік беретін жақсартылған үлгідегі келісімшарт аясында жүзеге асуда. Аталған келісімшарт салықтық және реттеушілік тұрғыдан маңызды жеңілдіктер ұсынып, осындай учаскелерді барлау және игеру жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.
(Бейнежазба: «Самұрық-Қазына» қорының ресми Telegram-арнасы)
Иллюстрациялық фото (мұрағат): Рахым Қойлыбаев
Дереккөз: www.caspianlife.kz