Самалдықтар 7 жылдан бері интернетке жарымай отыр. Атыраудағы Самал-2 ықшамауданының тұрғындары жаңа оқу жылын қорқынышпен күтіп жүр. Өйткені, қашықтан білім алатын оқушылар үшін интернет мәселесі күрмеулі. Тұрғындар талай рет Қазақтелекомның табылдырығын да тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ.
Жангелді КӘРІМОВ, Самал-2 тұрғыны:
– Біз былтыр арыз жазып Қазақтелекомға жібердік. Оны Ақтөбе қарайды деп сонда жіберді. Арызымыз оған да жетті. Бірақ қаражатқа байланысты болмайды деп тұр. Қазір жұмысшылардың 80 пайызы үйден жасап жатыр. Балаларымыз да үйден оқып жатыр. Өте қиын болып тұр. Бір үйде төрт баладан оқиды. Мобильді интернеттің ақшаға шығыны көп.
Нұргүл МАҚАРОВА, Самал-2 тұрғыны:
– Бізге ең керек мәселе интернет болып тұр. Бұл мәселені қозғап келе жатқанымызға – 7 жыл. Соңғы 1 ай турасында барлық мекемеге арыз жазған болатынбыз. Қазақтелеком сіздерге мұндай мүмкіндік қарастырылмаған деген жауапты ғана айтып отыр.
Ықшамаудандағы 700-дей үйде оқушылармен қатар, қашықтан жұмыс істеп жатқан тұрғындар да бар. Енді жаңа оқу жылы басталса, мобильді роутерге жүк түсіп, жағдай бұрынғыдан бетер қиындайын деп тұр.
Әлия БАЙСАЛЫҚОВА, Самал-2 тұрғыны:
– Екі балам мектепте оқиды. Интернет желісі мүлде жоқ. Қазір алтел, кселл, билайн бар. Әр баланың телефонына 9 мың теңгеден құйып бере алмаймын. Онлайн оқуы үшін екеуіне телефон алып бердік. Оның интернеті 10 күнге жетсе-жетеді, жетпесе-қалады. Былтыр қалай болса, солай ватсаппен сабақты бітірдік. Енди биыл зуммен болады дейді. Оған үлкен күш керек.
Жауапты мекеме бұл мәселеден хабардар. Бірақ әзірге қолы байлаулы. Себебі, жаңа ықшамаудандарды интернетпен қамту жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ал биылғы тізімде бұл ықшамаудан жоқ көрінеді. Сол үшін келесі жылды күтуге тура келеді.
Нұрлан МАҚҰЛОВ, «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық ТД техникалық директоры
– Самал тұрғындарының проблемасын білеміз. Бұл кісілердің арызы қабылданды. Кезінде хабарын бергенбіз. Биылға қаржы жоқ. Жоспар бойынша 2021 жылы жұмыстанамыз.
Самал-2 шағынауданын интернетпен қамту үшін 180 млн. теңге қаржы қажет. Сондықтан мұның тігісі тек келер жылы жатқызылады. Ал оқушылар мен ата-аналарға әзірге мобильді интернетке сенуден басқа амал жоқ.