CaspianLife, 8 қаңтар. Мобильді аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында жүргізіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, көрсеткіш ретінде әрбір үш ай қатарынан бір физикалық тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына жүзден астам әртүрлі тұлғалардан ақша алу белгіленген (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы № 323 бұйрығына сәйкес).
«2025 жылдан бастап банктерден ақпарат жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары туралы 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұсынылатын болады», – деп нақтылады хабарламада.
Сонымен қатар, бұл шараның мақсаты – жасырулы табыстар мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтау, себебі көптеген кәсіпкерлер тауар, жұмыс және қызмет үшін төлемдерді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы алады.
Одан әрі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жүретін физикалық тұлғалар үшін қолданыстағы критерийге өзгерістер енгізілетіні атап өтілген.
Жаңа көрсеткіш ұсынылып отыр: «Бір физикалық тұлғаның банктік шотына ай сайын үш ай бойы 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан ақша алу, жалпы сомасы ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен асатын жағдайда» (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 255 000 теңге).