CaspianLife, 6 қаңтар. Қытайда анықталған метапневмовирус әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Қазіргі уақытта ауру халық арасында жылдам таралуда. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 30 адам метапневмовирус жұқтырған.
Ал эпидемиялық маусым кезінде тұмауға жатпайтын вирустарды анықтау үшін 8360 үлгі зерттеліп, нәтижесінде 1866-сынан оң қорытынды шыққан. Оның ішінде 178 паратұмау, 433 РС вирусы, 680 риновирус, 113 бокавирус, 226 аденовирус, 206 коронавирус дерті тіркеліп отыр.
Метапневмовирустың негізгі белгілері — жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Бұл инфекция негізінен ауа тамшылары және тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. Бүгінде дерттің нақты емі жоқ. Тек симтоматикалық емдеу қолданылады.
Аурудың алдын алу шаралары: — адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу; — үй-жайларды үнемі желдету; — қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану; — ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету; — тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды балабақша мен мектептерге жібермеу; — ауру белгілері пайда болған кезде шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну.
Елімізде 1 қазаннан бері ЖРВИ-мен сырқаттанған 2 млн-нан астам адам тіркелген. Осы орайда, дәрігерлер тұрғындарды профилактика шараларын сақтауға шақырады. Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирус бұрыннан бар классикалық вирустың бірі екенін хабарлады. Бұл инфекцияның штамдары эпидемиялық маусым кезінде жиі анықталады, дейді мамандар.