CaspianLife, 6 қаңтар. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (ТРМК СИМ) 2024 жылы бекіткен ҚР СТ 3988-2024 «Қоғамдық тамақтану қызметтері. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша қоғамдық тамақтану өнімдерін жеткізу. Жалпы талаптар» стандарты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Аталған стандарт Сауда комитетінің бастамасымен Қазақстанның стандарттау және метрология институты тарапынан әзірленді.
«Бұл стандартты енгізу қоғамдық тамақтану өнімдерін жеткізу нарығындағы талаптардың айқындылығын және біріздендірілуін қамтамасыз етеді, тұтынушылардың көрсетілетін қызметтерге деген сенім деңгейін арттырады және Қазақстан Республикасындағы азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрайымы Жанна Есенбекова.
Мысалы, стандартқа сәйкес курьерлерде белгіленген үлгідегі жеке медициналық кітапшасы болуы керек, ол медициналық тексеруден өткенін растайды. Сонымен қатар, олар кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуі және жалпыға ортақ мінез-құлық нормалары мен ережелерін сақтау қажет.
Бұдан бөлек, тапсырыс беруші көрсеткен мекенжайға немесе тапсырыс беру пунктіне жеткізілген қоғамдық тамақтану өнімдерін тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл тасымалдау кезінде қаптаманың сыртқы зақымдануын анықтауға мүмкіндік береді.
Қабылданған стандарт мейрамханалар, кафелер, логистикалық компаниялар мен курьерлердің тамақ жеткізу қызметінің сапасын арттыруға бағытталған.
(Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпараты бойынша)