CaspianLife, 4 қаңтар. Жаңа жылдық мерекелерде Қазақстан бойынша пиротехникалық құралдарды қолдану салдарынан 63 адам, оның ішінде 20 бала зардап шекті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің 12-сі, оның ішінде 5 бала ауруханаға жатқызылған, ал 51 науқас, оның ішінде 15 бала амбулаториялық ем қабылдауда. Бұл туралы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ елорда денсаулық сақтау басқармалары хабарлады.
Аймақтар бойынша зардап шеккендер саны: Алматы қаласында – 19 адам, Жамбыл облысында – 11 адам, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында – 6 адамнан, Ақтөбе облысында – 2 адам, Ақмола, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарында – 1 жағдайдан тіркелген.
«Зардап шеккендердің барлығында көз жарақаттары, көздің мүйізгек қабығының күйіктері, қолдың күйіктері мен жарақаттары анықталды. Бір науқасқа іштің алдыңғы қабырғасының жарақаты диагнозы қойылған, жағдайы орташа ауыр, тұрақты, стационарда ем алып жатыр. Барлық зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.