CaspianLife, 31 желтоқсан. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол-көлік оқиғасы (ЖКО) нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды өндіру туралы азаматтық істі қарады.
«АТЫРАУ СОТТАРЫ» Telegram-арнасының мәліметінше, Атырау қаласындағы қиылыстардың бірінде «Toyota RAV4» маркалы автокөлігі мен «Samurai» мопедінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған. Мопедті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған.
«ЖКО салдарынан талапкерге мүліктік зиян келтірілген. Талапкер кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілінен 790 014 теңге мөлшерінде келтірілген материалдық зиянды өндіруді сұрап сотқа жүгінді. Татуласу рәсімдері барысында тараптар өзара келісімге келіп, соттан медиативтік келісімді бекітуді сұрады», — делінген Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.
Келісім шарттарына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі медиативтік келісімге қол қойған сәтте талапкерге 600 000 теңге төлеуге міндеттелді. Өз кезегінде, талапкер талап арыздан бас тартты. Соттың ұйғарымы бойынша медиативтік келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды. Соттың ұйғарымы заңды күшіне енді.