Caspianlife, 30 желтоқсан. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдері 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға артық өсіріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал максималды базалық зейнетақыны 120%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ына дейін ұлғайып, 32 360 теңгені құрайды.
- Максималды мөлшері күнкөріс деңгейінің 105%-нан 110%-ына дейін өсіп, 50 851 теңгеге жетеді.
Мысал:
2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін жалпы зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады (оның ішінде базалық зейнетақы – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге). 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл зейнетақы 171 588 теңгеге дейін өседі (базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге). Бұл сомаға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың өсу мысалдары:
- 1, 2, 3-баланың тууына байланысты жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан көп балаға – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін өседі.
- 4 баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артады.
- I топтағы мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топтағыларға – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топтағыларға – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өседі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке жарамдылықтан айырылу бойынша төлемдер 6,5%-ға ұлғайтылады. Бұл төлемдер мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады.
Төлем мөлшері жеке есептеледі және келесі факторларға байланысты:
- Соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс,
- Еңбекке жарамдылықты жоғалту коэффициенттері,
- Асыраудағылар саны,
- Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі,
- Табыс алмастыру коэффициенттері.