CaspianLife, 18 желтоқсан. Атырау қаласындағы APEC PetroTechnic жоғары колледжінде «Силлено» ЖШС өкілдерінің қатысуымен «Полиэтиленді өндіру және оны қолдану» тақырыбында таныстыру-ақпараттық бағыттағы семинар өтті. Іс-шара Қазақстан мұнай-химия индустриясының даму перспективаларын талқылап, полиэтилен өндірісі туралы ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарда «Силлено» ЖШС және «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу, жобалау институты» АҚ өкілдері сөз сөйлеп, зауыттың мақсаттары мен қызметін таныстырды. Қонақтар студенттерге зауыттағы мансаптық өсу және кәсіби білім жетілдіру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, олар болашақ мамандардан қандай дағдылар мен біліктіліктер күтілетіні жөнінде айтты.
Алғашқы сөзді «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу, жобалау институты» АҚ кешенді экологиялық қызмет көрсету орталығының директоры Бакен Болатханов алды. Ол «Силлено» жобасының жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіруді мақсат етіп отырғанын және өнімнің ішкі және сыртқы нарықтарға шығарылатынын атап өтті. Шикізат ретінде Теңіз кен орнынан алынатын газ қолданылып, «Газосепарациялық қондырғы» арқылы этан бөлініп алынады, бұл полиэтилен зауытының негізгі шикізаты ретінде пайдаланылады.
Жобада заманауи технологиялар қолданылатындығы айтылды. Пиролиз қондырғысында этан фракциясынан этилен өндіру үшін екі лицензиялық технология қарастырылған. Ал полимерлеу бөлігінде жылына 625 мың тонна өнім өндіретін екі реактордан тұратын жүйе қолданылады.
Семинар барысында «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ» АҚ инженер-экологы Жансая Накимжанова полиэтилен өндірісінің кезеңдерін және оның өнеркәсіп пен тұрмыста қолданылу салаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Полиэтиленнің беріктігі, су өткізбейтіндігі, икемділігі және химиялық төзімділігі оның кең ауқымда қолданылуына мүмкіндік береді.
Семинар сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Студенттер өндірістік тәжірибе және тағылымдамадан өту туралы сұрақтар қойды. «Силлено» ЖШС жобалары бойынша технологиялар координаторы Бауыржан Асқаров болашақ мамандардың АҚШ, Жапония, Германия, Франция сияқты елдерде және Ресей мен Қытайдағы кәсіпорындарда тәжірибеден өтетінін айтты. Студенттер дуалды оқыту жүйесі аясында зауытта тәжірибе жинауға ниетті екендіктерін білдірді.
Экология мәселелері де назардан тыс қалмады. Студенттердің бірі зауыттың экологиялық қауіпсіздігіне қатысты сұрақ қойды. Экобелсенді Шынар Ізтілеуованың айтуынша, 2025 жылдың 6 қаңтарында ашық қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланып отыр. Тыңдаулар алдында ecoportal.kz сайтында экологиялық әсер туралы материалдар жарияланады, ал қоғам тыңдау кезінде пікір білдіре алады.
Семинар соңында полиэтиленнің экологиялық кемшіліктері туралы сұрақтар қойылды. «Силлено» компаниясының экология мәселелері бойынша маманы Альфия Ибрагимова пластиктің табиғатқа зиянын мойындағанымен, жаңа технологиялар бұл кемшіліктерді азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Жоба барысында технологтар, механиктер, инженерлер, экологтар сияқты мамандар қажет болады. Құрылыс кезінде 8000 адам жұмысқа тартылады, ал зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жергілікті мамандарға ерекше басымдық беріледі. Құрылыс кезеңінде жұмысқа қабылдау 2026 жылдың III тоқсанына, ал зауытты іске қосу 2029 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған.
Анықтама:
Салынып жатқан «Силлено» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешені – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, оның еншілес компаниясы KMG PetroChem, «Сибур Холдинг» АҚ (Ресей) және Sinopec (Қытай) бірлескен кәсіпорны. Жоба Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-газ химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан.
Бұл зауыт Lummus Technology технологиялары негізінде жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін бірінші кешеннің екінші кезеңінің операторы болып табылады.