Кеше ғана Атырауда шақырымдап созылған кептеліс мәселесі шешіледі деген полицейлердің ойлары оңды жүзеге аспай тұр. Амандосов пен Берғалиев көшелерінің қиылысында тосыннан басталған жол жөндеу жұмыстары көпшілікке қолайсыздық тудыруда. Әсіресе, пандемия уақытында дәріхана мен ауруханаға жете алмаған тұрғындардың қабағы қатулы.
Қалалық әкімдіктегілер жөндеу жұмыстарының халық игілігі үшін жасалып жатқандығын айтады. Біраз әбігерге салғаны рас, бірақ аз уақыт шыдауды өтінеді. Теміржол көпірінің жанындағы айналма жол бұзылып, ондағы домбыраға арналған ескерткіш, гүлдер мен көгалдар да алынады. Қала әкімінің орынбасары Ринат Жаңғылышовтың айтуынша, мұндай өзгерістерге түрткі болған дәл осы толассыз кептелістер екен.
Ринат ЖАҢҒЫЛЫШОВ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:
– Жоба ұйымдастырушылары бұл мәселені шешу жолдарын ұсынды. Оң жақ бұрылыс болады, әрине, жаяу жүргіншілер жолы мен бағдаршам қойылады. Мұндай тәжірибе Авангард ықшамауданы мен Ғұмаров көшелерінің қиылысына жасалды, оң нәтиже көрсетті. Сондықтан жоспарымыз жүзеге сәтті асып, кептелістен құтыламыз деп ойлаймыз.
Құрылысшылар жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Егер жол уәде етілген 14 күнде жаңартылмаса, әкімдік мердігерлерге айыппұл салады.