Атырауда дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры құрылды. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігі мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы қолға алған бастамаға 500 миллион теңге бөлінген.
Нақтырақ айтсақ, бұл ақшаға жыл соңына дейін 5 млн. данаға жуық медициналық өнім алынады. Одан бөлек, резервке тағы 900 мың медикамент алынбақ. Қазірдің өзінде дәрі-дәрмектің алғашқы легі келіп жетті.
Данияр ТАХАНОВ, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгінге дейін 240 миллион теңгеге 688 дана медициналық зат алынды. 50 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі Жылыой, Индер аудандарына таратылып қойды. Қалған аудандарға да жақын арада толықтай жеткізілетін болады.
Бұл қаржыға алынған медикаменттердің құны үкімет бекіткен шекті бағадан аспауы тиіс. Олар көтерме жеткізушілердің айналым қаражаттарын толтыру үшін облыстағы дәріханаларға несие түрінде таратылады.
Ал дәріхана иелері «Іңкәр» ЖШС-не хабарласып, келісімшарт арқылы жұмыс жасай алады.
Гүлнұр СҮЙЕУОВА, сауда-саттық жөніндегі менеджер:
– Лицензиясы бар, бізбен келісім жасасқан барлық дәріханаға жіберіледі. Бәріне жететін қылып есептеп жатырмыз. Қазіргі жағдайға байланысты нағыз керек дәрілер – антибиотиктер, цефозалин, цеф ІІІ, парацетамол, аспирин таблеткалары. Олардан басқа бұрын болмаған дәрілер де келіп жатыр.
Дәрі-дәрмек «Теңізшевройл» компаниясының ұшағымен жеткізіліп жатқанын айта кетейік. Жыл соңына дейін миллиондаған препарат дәріхана сөрелерін толтырады деген сенім де жоқ емес.